Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт!
Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт!
Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан Республикасы халқына жолдайтын жолдауларында денсаулық сақтау саласы назардан тыс қалған емес. Соның бірі - Елбасының 2018ж 10-қаңтардағы дәстүрлі Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауы. Бұл жолдауда денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне нақты міндеттер мен тапсырмалар берілді. «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» бағыты бұл - халықтың өмір сүру ұзақтығы, жоғарғы медициналық технологияларды пайдалана отырып медициналық қызметтің сапасын арттыру, аурудың алдын алу, яғни, салауатты өмір салтын насихаттау, созылмалы ауруларға байланысты емдеудің тиімді әдістерін жандандыру, жастардың респродуктивті денсаулығын нығайту, онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау және емдеудің тиімді жолдарын қолдану, денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерді толық пайдалана отырып электронды денсаулық паспортын енгізу, білікті де білімді кадрлармен қамтамасыз ету болса, басты басымдылық – алғашқы медициналық – санитарлық көмекті дамыту, бұның бәрі ұлт денсаулығын қамтамасыз етудің басты бағыты, өйткені ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі. Жолдаудағы бүгін және алдағы уақыт еншісіндегі атқарылатын денсаулық саласына берліген нақты тапсырма мен айтылған міндеттердің ауданның денсаулық сақтау қызметкерлері түсініп, іске асырылуына бар білімдері мен тәжірибелерін жұмсай отырып, ынтымақ пен бірлікті сақтап, күш-жігермен еңбек етуде.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015ж арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жалғасы ретінде 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын ауданымыздың денсаулық сақтау қызметкерлері іске асыру жолында аянбай еңбек етіп, 2018 жылдың 1 тоқсанын жаксы көрсеткіштермен аяқтады.
2018 жылы Айдарлы ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, аудандық аурухана алаңын аббаттандыру және Коктал ауылдық ауруханасында маммограф қондырғысын іске қосу жоспарланып отыр.
Қазіргі кезде «Қоғамдық денсаулық сақтау» деген ұғым пайда болған. Қазақстандағы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі денсаулық сақтауды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде қызмет етеді. Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мақсаты: халықтың салаутты өмір салты сұрақтары бойынша ақпараттандырылуын, қоршаған ортаның әртүрлі факторларының зиянды әсер етуін төмендету мен профилактикасы, салауатты тамақтану мен мінез-құлықтық тәуекелдер бойынша іс-шараларға тартуды арттыру, инфекциялық және әлеуметтік маңызы бар инфекциялық емес ауруларға, психикалық денсаулықтың бұзылулары мен жарақаттанушылыққа санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жасау болып табылады. Қоғамның денсаулығын сақтау бағытында жасалып жатқан жұмыстардың бірі – ол 2018ж аудандық ауруханадан ашылған «Жастар денсаулық орталығы». Орталықтың негізгі мақсаты: жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау, отбасын жоспарлау мәселелері бойынша мамандандырылған медициналық – психоәлеуметтік және медициналық көмек көрсету. Жастар орталығына келушілердің жас ерекшелігін ескере отырып, денсаулық сақтау проблемалары бойынша кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек көрсетеді. Соның ішінде, ЖИТС инфекциясының алдын алу, ішімдік пен нашақорлық және басқа да сұрақтармен қатар құқықтық кеңес беріледі. Оған қосымша аудандық емханада психо-әлеуметтік кеңес беру бөлімі мен салауатты өмір салтын насихаттау бөлмесі жұмысын жалғастыруда.
Елбасының 2018 жылғы жолдауын және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында Панфилов ауданындағы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бағытында іс-шаралар жоспары жасалып, сол жоспарға сәйкес бірқатар жұмыстар жасалуда. Сол жұмыстардың бірі - Жаркент қаласындағы аурухана бөлімдері, емхана мен балалар емханасы және ауылдық 41 емдеу мекемесінің бәрі толықтай 100% интернет желісіне қосылып, компьютерлермен қамтамасыз етілді.
Аудан тұрғындары өз уақытын тиімді пайдаланып, денсаулық сақтау саласында онлайн түрде көрсетілетін қызметтерді «Электронды үкімет» порталы арқылы алуына мүмкіндік жасалған. Ол үшін әр бір азаматтың электронды цифрлық қолтаңбасы болу керек. Әрбір ЭЦҚ бар азамат электронды үкімет порталы арқылы үйінен шықпай-ақ, өз уақытын үнемдей отырып кез-келген емдеу мекемесіне тіркелу үшін өтініш жіберіп, қажетті дәрігерінің қабылдауына жазыла алады және дәрігерді үйіне шақырта алады. Әр бір емханаға тіркелуге түскен өтініш қаралып, тіркеліп отырады. Бұл қызметке жауапты адам бекітілген. Егов арқылы түскен әрбір дәрігерді шақырту тіркеу орнындағы АЕК бағдарламасынан көрініп отырады, жауапты тіркеуші шақырту түскен жағдайда бірден кезекші дәрігерге тізімін беріп отырады. Қабылдауға онлайн жазылған жағдайда жазылған дәрігердің кестесінен науқастың аты-жөні, жазылған күні мен уақыты көрсетіліп тұрады және сол уақытта дәрігердің қабылдауына кіре алады. Егер азаматтардың онлайн көмек алатын мүмкіндігі болмаған жағдайда, аудандық емдеу мекемелеріне жеке басын куәландыратын құжатын алып келу арқылы осы қызмет түрлерін ала алады.
Медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу мақсатында аудандағы барлық емдеу мекемелері бірнеше электронды бағдарламалармен жұмыс жасайды. Солардың бірі «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесі. Емхана мен аурухана, Коктал және Қоңырөлең ауылдық ауруханалары «Жетысу» медициналық ақпараттық жүйесіне толығымен қосылған. Аудандық орталық аурухананың бөлімдері осы ақпараттық жүйе бойынша жұмыс жасайды. Бұл жүйе бойынша аурухана бөлімдері мен зертхана, рентген бөлмесі, УДЗ бөлмесі, КТ бөлмесі арасында байланыс орнатылған. Барлық ауру тарихы осы жүйеге енгізіледі, қағаз жүзінде ауру тарихы шығарылмайды, тек ауру тарихына басқа мекемелерден арнайы сұраныс хат келген жағдайда ғана қағазға шығарылып беріледі. Негізінен электронды форматта сақталады. Бұл жұмыстардың барлығы цифрлы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған.
Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы аудандық медицина қызметкерлерінің бірлесіп, талмай еңбек етуінің арқасында жүргізіліп жатыр. Ауданның денсаулық сақтау жүйесінің дамуына әрбір аудандық аурухана қызметкерінің қосқан үлесі зор. Сондықтан, медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, өз жұмысының маманы атанған, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда аянбай еңбек етіп, ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына өз үлесін қосып, тұрғындардың алғысын алып жүрген бірнеше медицина қызметкерлерін атап өткенді жөн көрдік. Олар: терапия бөлімінің дәрігері Э.Ж.Сыдыкова, Үлкеншыған ДА меңгерушісі А.А.Дюсенова, Нұркент ДА меңгерушісі А.А.Рахманбекова, неврология бөлімінің меңгерушісі С.М.Анаятова, әдістемелік бөлімнің дәрігер статисті Н.Д.Тазабекова, А.Рузиева - Головацкий ДА аға мейірбикесі, А.Умралиева, А.Ибрагимова, Ф.Асанова - жедел жәрдем фельдшерлері, Н.Ахметова – емхананың лор мейірбикесі, А.Дустекова - емхананың тіркеу бөлімінің тіркеушісі, З.Омарова- қабылдау бөлімінің мейірбикесі, Г.Ахметова – хирургия бөлімінің мейірбикесі, Г.Талибаева – емхананың телім мейірбикесі, З.Шарипова - балалар емханасының статистигі, Ж.Жұмағұлова – Кішішыған ДА химизаторы, М.Итахунова – Алтыуй ДА телім мейірбикесі, Е.Утаров – Коктал АА әлеуметтік қызметкері.
Құрметті аудан тұрғындары, Мемлекеттің негізгі байлығы - халық болса, халықтың басты дәулеті денсаулық! Сондықтан да халқымызға, әрбір адамға «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік» деген қағиданы жеткізгіміз келеді.
Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі құтты болсын!