Балалық шақтың ауруларын ықпалдастыра емдеудің стандарттарын енгізу (БШАЫЕ) бағдарламасы бойынша семинар
Үсіміздегі жылдың 21-22 сәуір күндері ШЖҚ «Панфилов аудандық орталық ауруханасы» МКК мәжіліс залында дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің арасында маңызды екі тақырып бойынша үлкен семинар өткізілді.
Семинар аудандық аурухана директорының ана мен баланы қорғау ісі жөніндегі орынбасары М.М.Мұхаметжанов, аудандық педиатр, балалар емханасының меңгерушісі Г.Т.Молдабекова, барлық педиатр дәрігерлер, ауылдық аурухана мен ауылдық амбулатория дәрігерлері, жедел жәрдем бөлімінің фельдшерлері, балалар бөлімінің дәрігерлері мен мейірбикелері, қабылдау бөлімінің қызметкерлері, рентген, КТ, массаж, зертхана бөлімдерінің қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
Қаралған маңызды мәселелердің бірі аудандағы «Ана өлімін болдырмау және нәрестелер өлімін төмендету» жоспарының орындалуы, алға қойған мақсаттар мен міндеттер туралы болды. Аурухана директорының орынбасары М.Мұхаметжанов Алматы облысы бойынша жасалған «Ана мен бала өлімін төмендету» жоспарымен таныстырып, қатысушылардың әрқайсысына жүктелген міндеттерге жеке-жеке тоқталып өтті.
Семинарда қаралған екінші мәселе БШАЫЕ (ИВБДВ) бағдарламасы бойынша балаларға жедел медициналық көмек көрсету шараларын практика жүзінде көрсету және медицина қызметкерлеріне «Қазақстан Республикасында педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 1027 бұйрығымен таныстыру мақсаты қойылған болатын.
Осы тақырыпта аудандық педиатр Ғ.Молдабекова сөз алып, БШАЫЕ (ИВБДВ) бағдарламасының мақсатын, міндетін теория жүзінде айтып, №1027 бұйрықтың мәтінімен таныстырып өтті.
Практика жүзінде іс-шараларды көрсету мақсатында педиатр дәрігерлер Худжамниязова М.Т мен Саитова Р.М. және балалар емханасының, балалар бөлімінің медбикелері рольдік ойындар көрсетті.Оған қосымша практикалық сабақтар, оқу класстары, оқу құралдары, медициналық қызметкерлерді аттестациялау, диагностикалық палаталар, 112/е нысанын дұрыс толтыру үшін бойын, салмағын өлшеуді жүргізу мәселесі мен ҚР ДСМ №1027бұйрығына сәйкес баланың даму кабинетін (БДК) ұйымдастыру және жабдықталуы, негізгі қызметі туралы айтылып, таныстырылды.