Цифрлы денсаулық сақтау жүйесі
Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2018 жылдың 10-қаңтар күні Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын іске асыру мақсатында Панфилов ауданындағы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бағытында жоспар жасалып, сол жоспарға сәйкес бірқатар жұмыстар жасалуда. Сол жұмыстардың бірі - Жаркент қаласындағы аурухана бөлімдері, емхана мен балалар емханасы және ауылдық 41 емдеу мекемесінің бәрі толықтай 100% интернет желісіне қосылды. Аудандағы емдеу мекемелері жалпы 363 компьютермен қамтамасыз етілген.
Аудан тұрғындарының уақытын тиімді пайдаланып, денсаулық сақтау саласында онлайн түрде, яғни, «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін медициналық қызмет түрлері туралы ақпарат аурухананың инстаграм парақшасында, сайтында, аудандық газетте жарияланып, әрбір емдеу мекемесінің ақпараттар тақтайшасында ілінген. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес аудандағы емдеу мекемелерінің барлық қызметкерлері басқа салаларда көрсетілетін онлайн қызметті алу мақсатында толықтай электронды-цифрлы қолтаңбамен қамтамасыз етілген.
Аудандық емдеу мекемелері көрсететін медициналық қызмет сапасын бағалау мақсатында тұрғындарға онлайн сауалнама жүргізетін терминал Жаркент қаласындағы ересектер емхана мен балалар емханасында орналастырылған.
Балалар емханасында «электронды кезек» жүйесі іске қосылған. Кез-келген емделуші балалар емханасына келіп, тіркеу бөлімінің қасында орналасқан терминал арқылы (екі тілде қызмет көрсетеді) қажетті дәрігердің қабылдауына жазылып, нөмір көрсетілген талон алады. Әр қабатта емделушінің талон нөмірі мен кіретін бөлме нөмірін көрсететін табло (экран) орнатылған. Табло кезегі келген науқастың талон нөмері мен кіретін бөлмесінің нөмерін көрсетіп тұрады және дауыстап шақырады, соған сәйкес кезекте тұрған науқастар дәрігер қабылдауына кіреді.
Медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу мақсатында емхана мен аурухана «Жетысу» медициналық ақпараттық жүйесіне толығымен қосылған. Сәуір айынан бастап осы жүйеге аудандағы барлық емдеу мекемелерін қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудандық орталық ауруханасының бөлімдері (терапия, хирургия, реанимация, балалар бөлімі, жұқпалы аурулар бөлімі, неврология бөлімі, жедел жәрдем, күндізгі бөлім, Коктал, Қоңырөлең ауылдық ауруханалары) осы ақпараттық жүйесі бойынша жұмыс жасайды. Бұл жүйе бойынша аурухана бөлімдері мен зертхана, рентген бөлмесі, УДЗ бөлмесі, КТ бөлмесі арасында байланыс орнатылған. Барлық ауру тарихы осы жүйеге енгізіледі, қағаз жүзінде ауру тарихы шығарылмайды, тек ауру тарихына басқа мекемелерден арнайы сұраныс хат келген жағдайда ғана қағазға шығарылып беріледі. Негізінен электронды форматта сақталады.
Жедел жәрдем бөлімі мен басқа бөлімдер арасындағы байланысты орнату үшін, жедел жәрдем фельдшерлерінің мобильдік қосымшалармен жұмыс жасауы үшін 8 планшет сатып алу (I Pad) жоспарланып отыр.
Аудандық емдеу мекемелері қызметкерлерінің компьютерлік сауаттылығын жоғарлату мақсатында аурухананың бағдарламашылары әр қызметкермен тікелей жұмыс жасап, қажет болған жағдайда семинар өткізіп отырады.