Жіті ішек жұқпалары және алдын алу
Жіті ішек жұқпалы аурулары – адамның ағзасына ауыз арқылы келіп түсетін, әртүрлі бактериялар себебінен орын алатын жіті ішек инфекцияларының аурулар тобы. Олар дәреттің бузылуымен қоса, асқазан-ішек жолдарының зақымдалуына әкеліп соғады.
Жаз маусымының басталуымен аурудың деңгейі жоғарылайды. Оның басты себебі: тағамның сақталу ережелерінің бұзылуы, сапасыз суды пайдалану, жеке бас тазалығының сақталмауы.
Ауруға өз бетімен емделіп, дәрігердің тағайындауынсыз дәрі ішуіне жол беруге болмайды. Іш өту кезінде дәрілердің көбі пайдасыз, ал кейбір жағдайларда тіпті зиян болады. Сондықтан бала құсып, іші өтіп жатса «Регидрон» ерітіндісі, қайнаған су, жеміс- жидек суы, күріштің қайнаған суы , айран түрінде қосымша сұйықтық берудің маңызы өте зор.
Есіңізде болсын:
— Жіті асқазан-ішек ауруларын көптеген бактериялар тудырады. Гигиена ережелері бұзылған жағдайда олар суда, тамақта, ойыншық бетінде болуы мүмкін. Ауру тудыратын микробтардың баланың аузына түсуіне жол бермеуге тырысыңыз.
— Баланы алты ай бойы тек қана емізу керек, 6-7 айлық кезінде оның ас мәзіріне таза, нәрлі, жақсылап дайындалған тағамды енгізуді бастаңыз.
— Балаға қолыңызда бар ең таза суды беру, берер алдында оны қайнатып, суытып қою қажет.
Тек ананың сүтінде ғана баланы өмірінің алғашқы айларында инфекциялардан қорғайтын иммундық қасиеттер бар. Ана сүтін еметін баланың іші өтсе де, ауыру жеңіл түрде өтеді, тез айығып кетеді.
Құрметтіата-аналар! Осы ұсыныстардың барлығын орындау Сіздің сәбиіңізді жіті ішек жұқпалы ауруларынан қорғауға және оның алдын алуға көмектеседі!