Телемедицина
Ауданымыздағы телемедицинаның даму
Панфилов аудандық орталық ауруханасында телемедицина орталығы 2004 жылдан бастап іске қосылған. Телемедицина – денсаулық сақтау саласындағы қызмет түрі, яғни, алыстағы маман дәрігерлермен байланысты қолдана отырып, аурулардың және жарақаттардың түрлерін анықтау, диагностикалау, емдеу іс-шараларын таңдау және қорытынды шығару, мәліметтер алмасу және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің жоғары дәрежеде өтуіне ықпал ететін орталық. Сонымен қатар республикамыздағы ірі медициналық мекеме мамандарынан кеңес алу мүмкіндігі шағын елді мекендердегі әріптестеріміздің көптеген сұрақтарына жауап, мәселелеріне шешім тауып жатады. Телемедицинаның арқасында жүздеген немесе мыңдаған арақашықтықта өткізіліп жатқан видеоконференцияларға, видеодәрістерге қатысып және тәжірибелі мамандардың операцияларын бақылап отыру мүмкіндігі бар.
Телемедицина өзіне бірнеше саланы біріктіреді, яғни, медицина, телекоммуникация, ақпараттық технологиялардың тоғысқан жеріндегі жаңа бағыт. Ең басты жетістіктерінің бірі – жетекші медициналық орталықтардың жоғары мамандандырылған жәрдемін жеке аудандарға беру, пациенттердің шығындарын айтарлықтай үнемдеу мүмкіндігі. Телемедициналық кеңестер байланыстың электрондық каналдары арқылы медициналық ақпараттық хабарлар беру көмегімен жүзеге асырылады. Кеңестер деректерді беру және сақтау режимінде де және сол нақты уақытта online режимінде де жасалады. Жоспарлы және шұғыл, жоспардан тыс видеокеңестер, видеоконсилиумдар кеңесші дәрігер мен емдеуші дәрігердің, қажет болған жағдайда науқасты қатыстыра отырып, тікелей қатынасуға болады. Сонымен қатар, видеоконференциялық байланыстар сеансы екі абонент арасында да және көпнүктелі режим деп аталатын бірнеше абоненттер арасында да өткізуге болады, яғни аса күрделі жағдайларда түрлі медициналық орталықтардың дәрігерлері арасындағы консилиумымен талқылануы мүмкін.
Телемедициналық жүйелер дәрігер сарапшымен диалогты ұйымдстыруға, кез-келген аралықта мамандандырылған қорытынды шығару үшін барлық медициналық ақпараттарды (ауру тарихынан үзінді, УДЗ суреттері) беруге мүмкіндік береді. Телемедицина жобасының түпкі мақсаты – төрт интеграциялық деңгейлермен телемедицинаның ұлттық желісін құру болып табылады.
Біздің аудандық ауруханада 2016 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 99 консультация, 19 видеоконференция өткізілген. Оның ішінде: Астана қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтымен – 1, А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығымен – 1, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу иститутымен – 5, Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығымен – 2 және облыстық ауруханамен 90 телеконсультация жүргізілді. 10 видеоконференция Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығымен және 6 конференция С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетімен, 3 конференция Астана қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерімен жүргізілді.