Жаркенттегі перзентханаға кәсіпкер құны 22 млн теңге тұратын медициналық құрылғыны сыйға тартты
Панфилов ауданындағы ШЖҚ "Жаркент Перзентханасы" МКК-ға Болат Утемуратовтың қайырымдылық қоры бағасы 22 млн теңге тұратын заманауи медициналық құрылғыны сыйға тартты. Бұл шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев пен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ арнайы келді.
Сыйға берілген жабдықтың құрамына GENESIS аппараты (Испанияда шығарылған, құны 15,9 млн теңге) және Bionet - қан тамыр жүйесінің тұрақтылығын бақылайтын монитор (Оңтүстік Кореяда шығарылған, құны 6 155 730 теңге) кіреді.
GENESIS аппараты - көлемді ота кезінде науқасты жасанды демалдыру арқылы оттегімен қанықтыру мақсатында қолданылады.
GENESIS аппараты жалпы қан тамыры ішілік және эндотрахеалық ингаляциялық наркоздары беруге зор мүмкіндік береді.
Bionet - қан тамыр жүйесінің тұрақтылығын бақылайтын монитор, ауыр науқастардың қан – тамыр жүйесінің көрсеткіштерін ұзақ, тұрақты түрде бақылау үшін қолданылады.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау болғандықтан, аудандағы балалар мен әйелдер мүддесіне қолданылатын медициналық жабдық үшін Болат Утемуратовтың қайырымдылық қорына перзентхана ұжымы үлкен алғысын білдірді.