Темекіні таста, жаңа өмір баста!
1-31 Мамыр Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес айлығына байланысты 15 мамыр күні Панфилов аудандық орталық ауруханасында медицина қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Темекіні таста жаңа өмір баста!» атты тақырыпта акция өткізілді. Акцияға емханаға келген емделушілер, студенттер және медицина қызметкерлері қатысты. Акцияның мақсаты - халыққа шылымқорлықтан саналы түрде бас тарту дағдыларын қалыптастыру, адам ағзасына темекінің зиянды әсері туралы түрлі ақпарат беру. Акцияға қатысушыларға СӨС мамандары темекінің зияны, оның құрамындағы заттар, соның әсерінен пайда болатын түрлі аурулар туралы және салауатты өмір салтын ұстану туралы мәлімет берді. Қатысушылардың ішінде шылым шегушілердің қолдарындағы шылымдарын тәтті кәмпиттерге ауыстырып, шылымнан бір жола бас тарту керектігі туралы және математикалық тұрғыдан 1 адамның 1 жылда шеккен шылымына кететін қаражаты есептеліп, экономикалық жағынан болатын кері әсері туралы ақпарат берілді. Бұл акция барысында көптеген аудан тұрғындары өздеріне қажетті, жаңа өмір бастауларына ықпал ететіндей мәлімет алды деген үміттеміз. Біз темекісіз Қазақстанды қолдаймыз!