«ИНТРАМЕДУЛЯРЛЫ-БЛОКТЫ ОСТЕОСИНТЕЗ» отасы жасалды
Ауданымыздың тарихында алғаш рет 2024 жылдың 8-тамызында аурухананың травматология бөлімінде бұрын соңды жасалмаған кіші инвазивті емдеу тәсілі бойынша жасалатын жабық түрдегі «ИНТРАМЕДУЛЯРЛЫ-БЛОКТЫ ОСТЕОСИНТЕЗ» отасы жасалды. Мұндай оталар тек облыстық және республикалық деңгейдегі ауруханаларда жасалатын. Ота жасауға қажетті соңғы үлгідегі травматологиялық ортопедиялық аппаратуралар мен құрал-саймандар 2024 жылдың шілде айында Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқарамасының қолдауымен 59 млн теңгеге сатып алынған. Жаңадан енгізілген ота түрін жасау үшін мастер классқа Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Жүнісов Ерік Сейсембайұлы арнайы шақыртылды.
Мастер класс мақсаты: жол-көлік оқиғаларынан, өндірістік, түрлі тұрмыстық және көшелік жарақат алған тұрғындарға қажетті отаны жасату үшін облыс орталығына немесе басқа қалаларға жолдамай, өз ауданымызда заманауи ота түрлерін енгізе отырып сапалы және қолжетімді көмек көрсету арқылы аудандық травматология саласын дамыту.
Бұл отаға 6 науқас алдын ала жоспарланып, қажетті зертханалық және функционалдық тексерулерден өткізіліп, дайындалды. Барлық ота сәтті аяқталды. Алдағы уақытта осындай ота түрлері өз ауруханамызда жасалатын болады.